«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің № 16 орта мектебі» ММ
Баяндама
Тақырып:
«Қазақ тілі сабағында оқушылардың
функционалдық сауаттылығын дамыту»
Дайындаған: Есетова Р.Е.
Қазақ тілі сабағында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту-бүгінгі заманның талабы. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамассыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.
Орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі пәнінің білім мазмұны құзіреттілік бағытына сай тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, практикалық маңызы, қатысымдық қызметін танытатын материалдармен жұмыс жасайды; оқушының оны өздігінен әрекет ете отырып игеруіне қажетті оқу жағдаяттары мен өмір шындығына сай құрылған қатысымға жетелейтін жұмыс түрлері жүйелі ұйымдастырылады; қазақ тілін оқытудың түпкі нәтижесі оқушыға ақпараттық, қатысымдық және проблеманы шешу құзіреттіліктерін меңгертуге бағытталған, онда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға қол жеткізіледі.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – қазақ тілі сабақтарында оқушылардың өмірлік дағдыларын дамытудың басты шарты. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – оқушының танымдық-қатысымдық қабілеттерін дамытуға деген ішкі мүдделілігімен әлеуметтік сұранымды үйлестірудің жолы. Сондықтан оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін меңгертуде білім мазмұны аяларға бөлініп, қатысымдық, дара тұлғаға бағдарлай оқыту және сұқбаттық әдістер негізінде ұйымдастырылатын жағдаяттық, рөлдік ойын, шығармашылық тапсырмалар біртұтас әдістемелік жүйе түрінде жүзеге асырылып отыр.
Білім берудегі сауаттылық мәселесі, біріншіден, нақты бір елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына, екіншіден, мемлекеттің экономикалық дамуына, үшіншіден, елдегі мәдени ахуалға тәуелді болатындығы айқын. Бүгінгі өркениеттің даму деңгейі білімділік пен сауаттылық ұғымдарының мазмұны мен оны түсінудің сара жолдарын іздестіруді қажет етіп отыр. Ғылыми еңбектерде сауаттылық ұғымының белгілі бір деңгейде ана тілінің грамматикалық нормаларына сай оқу, дұрыс жаза алу дағдыларын игеру екені байқалады.
Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Сауаттылық ұғымы оны білім берудің әрекеттік аспектісімен бірлікте алғанда ғана кеңейе түседі.
Функционалдық сауаттылық – тілдік тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім) өзінің мақсатына қарай еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі. Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда, грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.
Кәсіби маман болу үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогикалық шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі.
Мен де өз сабақтарымда Блум таксономиясын пайдаланамын. Өйткені Блум таксономиясы, толып жатқан әдіс-тәсілдері, стратегиялары оқушылардың сабақты жақсы меңгеруіне көмектесіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына, еркін ойлап, сол ойын шебер жеткізе білетін тұлға болып қалыптасуына өз әсерін тигізетіні сөзсіз.
• Тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау, арнаулы бір тақырыпқа пікірталас тудыру /ой қозғау, топтастыру, пікір-талас, «инсерт» кестесі т.б/
• Берілген тапсырманы түрлендіру бағыттағы жұмыс / эссе, шығарма, сауаттылықты ашатын хаттар т.б стратегиялар/
• Венн диаграммасы/семантикалық кесте/ой қозғау/кубизм,
Блум таксономиясы «білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау» кезеңдерінен түзіледі. Осы алты кезеңнің әрбіреуіне СТО технологиясының түрлі стратегиялары қолданылады. Блум таксономиясының «білу» кезеңінде белгілі бір әдісті пайдалана отырып, бұрынғы білімді еске түсіреді, сақтайды, ойлайды. Мәселен қызығушылықты ояту кезеңіне ой шақыру, топтастыру, ұқсастық пен даралық т.б, мағынаны тануда ЖИГСО-І, ЖИГСО-ІІ өзара оқыту, жұптасып оқу, ой бөлісу қорытынды шығару, сұрақ қою-қайтадан сұрақ қою, ББҮ, кубизм, INSERT, екі түрлі түсіндірмелі күнделік т.б ой толғаныс кезеңіне венн диаграммасы, сәйкестік кестесі, бес жолды өлең, эссе, пікір-талас, әлемді шарлау т.б. Ал «түсіну» кезеңінде жаңа білімді түсінгенін анықтау үшін диалогтық байланыс жасау үшін тақырыптың негізін көрсете алатындай сұрақтар беру арқылы болжау жасату. Осы кезеңді жүзеге асыруда топтық, жұптық жұмыстар арқылы жүргізуге болады. Үшінші «қолдану» кезеңінде алған білімдерін пайдалана білуге, проблемаларды шеше алуға, мысалы «қатемді тап», «тақырыпқа сай сөйлем құра», «салыстыр», т.б. пайдалануға болады. «Талдау» кезеңінде топтық талқыға «кубизм» әдісі арқылы салыстыру, зерттеу, тақырыптағы негізгі түйінде анықтауға бағыт беріледі. Бесінші «жинақтау» кезеңінде шашылған дүниеден жаңа дүние жасауға көмектеседі. «Бағалау» кезеңінде материалдың өзі үшін қажеттігін анықтайды, идеялар алмасады, бірін-бірі бағалайды.Бұл стратегияда оқушылардың сөйлеу мәнері, шеберлігі артып, өз ойын тиянақты жеткізе білуге үйренеді.
Өзгерісті енгізуде мен ең алдымен, сыныптағы ынтымақтастық атмосферасын орнатып алу керек екенін түсіндім. Әр сабақ сайын оқушылармен бірге көңілді-күймен сабақты бастап, кері байланыс арқылы сабақты аяқтап отыру қажет. Ынтымақтастық оқыту барысында білім алушылар құрбы-құрдастарымен қарым-қатынаста түсуге, өз пікірлерін айтуға және оны қорғауға мүмкіндік алады деп тұжырымдалады. Сыныпта ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған жағдайда оқытудың сапалы және табысты болатынына көз жеткізуге болады. Сонымен қатар оқушыларды топтастыру арқылы оқушыларға топпен жұмыс жасаудың ережесін, мақсатын түсінеді. Топпен жұмыс барысында топ бір-бірінің ой пікірін тыңдауға, бір-бірімен ой бөлісуге міндет екенін түсінеді. Топтар арасындағы бәсекелестік емес, достық қарым-қатынас пен жақсы көңіл-күй байқалады. Сырттан бақылап тұрған адамға сыныпта орнатылған жақсы психологиялық ахуал сезіліп тұрады. Топтық жұмыста оқушылар өзара достық қарым-қатынаста болады; бір-бірінен білмегендерін сұрай отырып білімдерін жетілдіреді; өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеуге үйренеді; «менен сұрап қалады-ау» деген ой мазаламайды, сұраған жағдайда топ болып жауап береді; оқушылардың мектепке және сабаққа деген көзқарасы өзгереді; әр сабақ сайын уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді; топтық жұмыста бос қарап отыратын оқушы болмайды.
Мұғалімге әр сабаққа тыңғылықты дайындық пен шеберлік қажет етеді. Тапсырмаларды түрлендіріп беруде сабақты өмірмен байланыстырып, әр сабақ сайын топтарды өзгертіп отыру қажет. Сындарлы оқытудағы негізгі білім беру бағыты топпен жұмыс жасау арқылы жүргізіледі.
Жаңа әдіс-тәсіл бойынша сабақ басталар алдында, оқушылар бір –біріне сұрақ қоюға, ойын еркін ашық айтуға болатынын ескерту қажет.
Жаңа сабақты меңгертуде «Ойлан, Жұптас, Бірік» әдісінде атқарылған топтық жұмысы бойынша оқушыларды жасаған жұмыстарын бағалау мен марапаттауға болады. Негізінен, оқу үшін бағалау оқыту үдерісінің қандай кезеңінде екенін, әсіресе олардың мықты және әлсіз жақтарының сипаты мен себептерін қандай екендігі туралы алынған мәліметтерге назар аударатады. Ал, «Сұрақты ұстап ал» әдісінде Выготcкийдің «Жaқын aрaдaғы дaму aймaғын» көруге болады және кеңейтілген тапсырмаларды орындауда А деңгейлі оқушының бойынан оқушылардың сын тұрғысынан ойлауының негізгі ерекшеліктерінің бірі ұтымдылықты байқауға, яғни дәлелдерді талап етіп, кез-келген дәлелді есепке алып отыратындығын көруге болады.Оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдерді іс-тәжірибеде қолдана отырып, оқушының өзіндік пікірін тыңдау арқылы оған жауап берген келесі оқушының ойын салыстыра отырып өздерінің шешім табуына жол табу мүмкіндігі туатынын және сыни көзқараспен топішілік бағалау сәттері шынайылық танытатынын байқадым. Жеті модульді қамти отырып, өткізілген сабақтар білім сапасын арттыруда нәтижеге ұмтылдыратындығына сенімдімін. Сөзімнің соңында өзімнің ойымнан туындаған жеке көзқарасымды айта кетер болсам, білім беру жүйесіне заманауи осындай бағдарламалар қазіргі жас ұрпақтың дамуына, қабілеттері мен сана-сезіміне сай оңтайластырылып, енгізілуде деп ойлаймын . Бұл жаңа әдістердің оқу үдерісінде пайдаланылуы, оқушыға сапалы білім беруде және ұстаздардың білімін жетілдіруіне пайдасы өте зор. Римдік философ Сенека Луцийдің: «Басқаларды үйрете жүріп, өзіміз де көп нәрсе үйренеміз» – деген нақыл сөзін басшылыққа алатын болсақ, қазіргі заманға сай білім жүйесіне еңгізіліп жатқан түрлі бағдарламалар бойынша білімімізді жетілдірудің арқасында, ой-өрісіміз дамып, оқу үдерісінде жаңашыл мұғалімдер қатары көбейіп, көптеген тың дүниелер пайда болуда. Сондай-ақ бүгінгі заманға сай жаңа технологиялардың, жаңа әдіс тәсілдердің оқушылардың дұрыс білім алуына, әсіресе ауыл балаларының бойындағы оқуға деген қызығушылығының даму үрдісін арттыруға көп көмегі тиюде. Жаңа технологиялардың оқушы бойына дұрыс таралуы мен сапалы білім берілуі мұғалімнің жан-жақты болуы және шеберлігіне байланысты және осы мамандықты сүйіп таңдаған кез-келген ұстаздың қолынан келетін іс екеніне ешкімнің дауы жоқ екені айдан анық. Осы мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, болашақ ұрпақтың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп, шеберлік таныту біздердің, яғни ұстаздардың үлесі деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы орайда, қазақ тілі пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды. Мұғалімнің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмірде өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін еңбегінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса,ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Оқушылардың сапалы білім алуына, өзгермелі ортаға тез бейімделе отырып, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және өмірде аяғын нық басып, алдына мақсат қойып оны шешуге мүмкіндігі бар тұлғаны дамытуға жағдай туғызу – басты міндетім деп түсінемін.
Есетова Р.Е.,
«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің № 16 орта мектебі»ММ
қазақ тілі және әдебиет мұғалімі
Қостанай қаласы