Ақселеу Сейдімбек «Аққыз» повесі
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек «Аққыз» повесі арқылы қазақ болмысына ғана тән ерекшеліктер мен мінездерді ел ішіндегі әртүрлі аңыз-әңгімелердің анық бояуымен қанықтырып, өзіндік өрнегімен суреттеп жазған.
Ақселеу Сейдімбектің «Аққыз» хикаятында ХІХ ғасырдағы қазақ даласының тұрмыс-тіршілігін көреміз. Автор шығармасын табиғатты әсем суреттеу арқылы бастайды... Жаз мезгілі екендігін, дүниенің тыныштыққа еріксіз бойсұнғанындығын, қарауытқан биіктерді керемет бейнелейді. Сол биіктерді бөктерлеп келе жатқан он шақты аттылар жайлы айтылады. Олардың арасындағы ерекше, көзге бірінші көрінетін – Шұбар және оның иесі Наймантай. Және олардың ойында бүгін Қараағаш аулының байы – Таймастың жылқыларын айдап кету еді. Наймантайдың әкесі – Сүтемгеннің дүниеден өткеніне 3 жыл болды. Әкесінен айрылғаннан кейін, өзі сияқты жігіттерді жанына жинап, ат мінгізіп, саяқ құруды әдетке айналдырғандығы, анасының келін алып кел әкесінен қалған дүниелерін шашпауын айтып, күйіп пісуі сөз етіледі.
Шығармадағы ерекше кейіпкер Аққыз – Таймас байдың жеті перзентінен қалған жалғыз үкілі үміті. Әкесі қызын мал- дүние қызығын көру үшін емес, ұрпағын жалғастыратын жалғыз алданышы ретінде тәрбиелейді. Бар байлықтың иесі де, дәулетінің қорғаны, ел- жұртының қамқоршысы да, абыройын арттырып, атағын шығаратын –осы Аққыз. Таймас бай қартайғанын сылтау етіп, соңғы кезде көршілес ел арасындағы дау- дамайды шешуге де Аққызды аттандырып отырады. Бұл- жазушы қаламынан шыққан тың кейіпкер.Таймас бай жалғыз қызын еркекшораша өсіріп, малға ие етсе де, бойжеткен кезінде , уақыты келгенде сұрап келгендер болса, қызын ұзатқан. Осылай бойжетіп келе жатқан Аққыз әке үмітін ақтап сабырлы, саналы болып бойжетеді. Небір дау-дамайларға араласып, ел іші мен көршілес ел арасында атағы шығады. Ер жігіттер арасында да достары мен жолдастары көбейіп, оны бойжеткен қыз деп емес, адал жолдас ретінде көреді. Ел арасында болған даудың бірінде дұрыс шешім айтқан Аламан батырға уәдесін бергенімен, еркін өскен Аққыздың жанын жабырқататыны- әйел үстіне, яғни тоқалдық қамытын кигісі келмегендігі. Бірақ берген сертінен тайқу-бұл Аққыз үшін емес еді. Көңілі жабырғаса да, Аламанға: « Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде отырған әкемнің жалғызы едім.Тым болмаса көзі жұмылғанша көңілін күпті қылмасам деп едім. Қашан болса да, хабардың өзімнен болуына шыдам жасап күтсең, дегенің болсын»-дейді. Аққыз - жазушы қаламынан туындаған жаңа, тың кейіпкер, сол себепті кейіпкерін жазушы да күндестіктің құлы еткісі келмейді. Сондықтан Аққызға өз серілігі мен батылдығының арқасында қол жеткізген Наймантайды тудырады. Наймантай да Аққыздың батылдығын, ақылдылығын, биязылығын, сертке беріктігін құрметтейді. Сондықтан да Аққызға өз көңілін білдіргенде қыз оған: «..Қанша бұлғақтағанмен қыз болып дүниеге келген соң, тағдыр тұзағынан қашып құтылмайды екенсің. Әрі ойлап, бері ойлап сол тұзаққа менің де бас иген жайым бар. Және де табиғат тартуына бағынып, өзім іздеп, өз еркіммен бас иіп едім. Қинағаныңмен арымды аттап, уағда бұзып кете алмаспын»,- деп жауап береді. Аққыз да Наймантаймен сөйлесіп, достасып жүріп, сынап оны ұнатады, бірақ өзі берген уәдені бұзу Аққыз үшін арын аттап өтумен бірдей. Бірақ Наймантай да өз сүйіктісінен бас тартатын жігіт емес, қыз ауылынан аттанар кезде : «Егер тұзаққа түскен кептерді бұрын босатқан кісі қолына қондырып кетсе қалай болады?»-деген сұрағына, «Несі бар , тұзақ иесінің бітіспес дауынан құтыларайлалы болса, айып-шамы жоқ қой!»-деген сөзі оған үміт береді. Наймантай қыз отауынан кетіп бара жатып, тосын өтінішін білдіріп Аққыздың басындағы бөркін, қолындағы білезігі мен мойнындағы алқасын сұрап алып кетеді. Жазушы осы детальдарды енгізу арқылы халық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі салт- дәстүр үлгілерінің бір көрінісін әдейі кіргізгенін байқаймыз.
Аққыздың жеңгесі қыздың бұл қылығына көңілі тоймай былай дейді:Білезігіңді алғаны білегіңді ұстадым дегені, Алқаңды алғаны, кеудеңе шықтым дегені, Бөркіңді алғаны басың мендік дегені емес пе?
Сонда ғана Наймантайдың ісіне қорланғандай болған Аққыз жанына ешкімді ертпей жігіт ауылына ақбоз атқа отырып, ақ найзасын алып, жалғыз аттанады. Жол бойы ойланып, уәдесін бұздырған жігіттен өш алу мақсатында келген қыздың алдынан ақ шымылдық ұстап шыққан қыз-келіншек пен жігіттердің тобы, тағдырына мойынсұнғандығын білдіреді. Жазушы суреттегендей :«Ақ ниеттей ақ жібек шымылдық тақалғанда Аққыз шолақ найзасын Ақшоқының басына қалдырып, атынан түсті»
Қорыта келгенде:
Көркем туындыда жер-су атаулары анық суреттеліп, қазақ халқының тұрмысы мен тіршілігі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, еркіндігі,рухани шынайылығы, ел арасындағы болып жататын тартыс пен дау-дамай шешімдері де дәл суреттелген.
Басты кейіпкер Аққыз бейнесі арқылы қазақ даласында қыз бала тек қалың малдың құрбаны емес, сонымен бірге ел басқарған даналық пен азамат та болғанын көреміз.
Жазушы екі жастың өз сезімдеріне ерік бермей, басты мәселе ел тыныштығына баса назар аударғанын, жастар осы мәселені тыныш , мәмілемен де шешуге болатынын көрсеткен.
Кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы қазақ даласындағы серілік, саятшылық өнерінің шынайылығы, отбасы тәрбиесінің маңыздылығы, әсіресе қыз бала тәрбиесіне аналалар мен жеңгенің рөлі үлкен екеніне басты назар аударған.
Ақселеу Сейдімбек әңгімелерінде көркемдік құрал ретінде теңеуді көп қолданған. Ол әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосып, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландырып тұр.
Автор Аққыз бейнесі арқылы қазақтың даналығы мен даралығын, рухани тазалығы мен адамгершілігін көрсетіп кеткен ұлы тұлға.