Сабақтың тақырыбы:
Махамбет Өтемісұлы – отты жылдар ақыны
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Махамбет, оның жалынды жырлары туралы түсінік беру; Махамбеттің қазақ әдебиетінде Исатай бейнесін алғашқы жырлаушылардың бірі екендігін, өлеңдердің Исатай қазасынан кейін шығуын, олардағы мадақтау, марапаттау, жоқтау үндерін таныту; Исатай бейнесін сомдаудағы метафоралардың рөлін түсіндіру.
Дамытушылық: оқушылардың ойлау, салыстыру, ой қорыту, алған білімдерін өмірде қолдану сияқты қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік:елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, ақын бойындағы ұлтжандылық, адамгершілік қасиеттерді үлгі ету.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: талдау, жинақтау, көркем мәтінмен жұмыс, ізденушілік.
Көрнекілік құралдар: хронологиялық кесте, интерактивті тақта.
Күтілетін нәтиже: Махамбет пен Исатай өміріне қатысты негізгі оқиғаларды білу, оқиға ізімен туған өлеңдерге талдау жасай алу.
Сабақтың барысы:
ІҰйымдастыру кезеңі
ІІСабақтың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру
ІІІЖаңа сабақты оқып білу кезеңі:
Интерактивті тақтадан сабақ эпиграфы көрсетіледі:
Қанжар жүзі сөз құдіретін тілмейді,
Дер кезінде ер қадірін білмейді.
Өлсе өлер оны өлтірген адамдар,
Ал, Махамбет, мәңгі тірі, өлмейді.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
«Махамбет – Абайға дейінгі ақындардың ақыны, Абылайдан кейінгі батырлардың батыры. Махамбет есімі – өмірдегі қасіреттің синонимі, өмірдегі қасиеттің символы. Махамбет өлеңі – «қазақ» сөзінің қайталанбас құдіреті, шығармалары тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз, басқа жер бетіндегі елдің өлең-жырында жоқ», - деп академик жазушы З.Қабдолов Махамбетке осылайша баға берген. Өйткені батырдың өзінде жеке бастың өмірі болмаған, өмірі өнеріне көшіп кеткен де, қасиетке айналған, жеке тіршілігінде тек қасірет қана қалған. Өзін ойламаған, өзге жайын, ел қамын ғана ойлаған. «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай» жүретін бейбіт күнді аңсаған.
Халқы үшін семсерімен де, сөзімен де қайрат көрсеткен, сол жолда құрбан болып, шаһит кеткен Махамбет батыр «Мен, мен едім, мен едім» өлеңінде өз бейнесін ашады:
Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Ел құтқарар ер едім,
Жандаспай-ақ бір тынбан.
Томағалы сұңқар мен едім,
Толмағалы найзамен,
Толықсып жауға шапқанда,
Бір озғанмын жұртымнан.
Әкесі Өтеміс старшина болған, ел басқарған. Өзі пысық, қайратты, өткір, сөзге шешен. Махамбеттің өжет болып өсуіне, қайсар болып қалыптасуына осы әкесі Өтемістің тигізген ықпалы зор болды.
Ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Бөкей Ордасында болған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілісі еді. Көтеріліс жеңіліске ұшырап, басшылары аяусыз жазаланса да, бұл еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам болды. Көтеріліс көсемдері батыр Исатай мен ақын Махамбет халықтың ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігіне бөленді. Махамбет поэзиясы – ереуілге шыққан халықтың құдіретті үні.
Хронологиялық кестемен жұмыс.
Жылдар | Негізгі оқиғалар | Оқиға ізімен туған өлеңдер |
1803 жылы | Махамбет Батыс Қазақстан облысы Бекетай құмында туған. Төкпе ақын, жауынгер | |
1824-1828 жылдар | Махамбет Жәңгір хан ордасында | «Жалған дүние», «Аспандағы бозторғай», «Арғымақтан туған қазанат», «Арғымақ, сені сақтадым», «Хан емессің, қасқырсың» |
1829 жыл 1830 жыл | Махамбет Калмыков түрмесінде қамауда. Түрмеден қашып шығады | «Зынданда» «Әй, Исеке, Исеке» |
1833-1836 жылдар | Көтеріліске дайындық | «Орай да борай қар жауса», «Арғымақтың баласы», «Туған ұлдан не пайда», «Толғай да толғай оқ атқан», «Азамат ердің баласы», «Атадан туған аруақты ер» |
1836 жыл 14 көкек 1837 жыл 15 қараша | Қиялымола көтерілісі Тастөбедегі шайқас Гекке бастаған жазалаушы отрядпен болған шайқас | «Бағаналы терек», «Соғыс», «Міне алмаған алаға» |
1838 жыл 12 шілде | Көтерілістің жеңіліс табуы Исатайдың қазасы | «Мұнар күн», «Мінкен ер», «Әй, Махамбет жолжасым!», «Жабығу», «Қоштасу», «Ұлы арман» «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Толғау» |
1834 жыл наурыз | Махамбеттің тұтқындалуы | «Күн қайда?», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға атқаны» |
1846 жылы Махамбет дүниеден өтті |
Оқулық мәтінімен жұмыс. Оқулық тапсырмаларын орындау.
Махамбеттің өмірі мен шығармашылығына арналған мәтінді «Эстафета» ойыны арқылы ұйымдастыруға болады.
Ойын шарты: Сынып оқушылары үш топқа бөлінеді. Белгі бойынша оқушылар мәтінді оқи бастайды. Мұғалім нөмірленген үш парақ дайындап, оларды әр топқа береді. Белгі бойынша оқушылар оқиғаларды, деректерді, олардың мерзімдерін жазып, үндеместен бір-біріне жылжытып отырады. Олар бір-бірін қайталамаы тиіс. жұмысты орындауға белгілі бір уақыт беріледі. Қай топ неғұрлым көп деректерді, оқиғаларды, олардың мерзімдерін көрсете, сол топ жеңімпаз болады.
«Артық болмас білгенің» айдары материалымен танысу.
«Ереуіл атқа ер салмай» өлеңімен жұмыс. Өлеңнің шығу тарихымен таныстыру.
«Ереуіл атқа ер салмай» өлеңінің өзіндік шығу тарихы бар екен: Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер 1837 жылы Орданы қамағаннан кейін, Баймағамбет, Қарауылқожа бастаған патша әскері бұлардың соңына түседі. Исатайларға шегінуге тура келеді. Көтерілісшілер ыдырап, азаяды. Исатай мен Махамбет Жайықты жарып өткен соң, қасындағы қырық жолдасымен далаға қонады. Күн суық, боран екен. Ертемен тұрса, батырлар қар астында тоңып қалған екен. Далаға қонып, тоңып тұрған жігіттердің көбі жылы үйді, жұмсақ төсекті, қызыл шайды аңсайды. Сонда Махамбет батыр осы «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін айтып, жолдастарын жұбатқан екен.
Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқу.
Түсіндірме сөздікпен жұмыс (оқушылар түсінігіне қиын сөздер таңдап алынады):
ереуіл ат – ұзақ жортуға төзімді, мықты ат.
тебінгі –тоқым қысқа болғанда, аяқкиім мен шалбар балағын қорғайтын, ер тұрман құрамына қатысты әбзелдердің бірі.
терлік –тоқымның астына салатын киіздің бір түрі.
малта –сүзбеден сығып, домалақтап дайындаған уақ құрт.
Әдебиет теориясы бойынша аллитерация, ассонанс туралы білімдерін кеңейту.
«Мұнар күн», «Қызғыш құс» өлеңдерімен жүмыс:
Түсініп, мәнерлеп оқу.
Мазмұнын қара сөзбен жазу.
Ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігіне тоқталу.
Исатай кім?
IVСабақты бекіту:
Топтық жұмыс ұйымдастыру. Жеребе бойынша топтар өз тапсырмаларын алады:
Өлеңдерде мақтау, марапаттау, жоқтау сипаттар қалай ашылған?
Исатай бейнесін танытатын таза қазақы сөздерді теріп жазыңдар.
Исатай бейнесін сомдаудағы метафоралар қатарын құрып, жасалу жолдарын түсіндіріңдер.
Білімдерін тексеруге арналған ойындар:
«Өрмекші» оқыта үйрету ойыны.
Ойын шарты: Оқушылар топтарға бөлінеді. 1, 2, 3, 4 деген белгілерді кеуделеріне тағып алады. Әр .стелде тапсырмалар жатады (тапсырмаларды деңгейге бөліп те жасауға болады). Оқушылар кезек-кезек әр үстелдің тапсырмасын орындайды, үлгергендерінше жауаптарын жазып қалдырады. Оларға белгілі бір уақыт беріледі. Осылайша әр топ барлық үстелдің тапсырмасын орындап шығуы керек. Ойын соңында мұғалім жауаптарды тексеріп, бағалайды. Әрбір дұрыс жауап ондық ұпаймен бағаланады. Ең көп ұпай жинаған топ, оқушы анықталады.
№1 үстелдің тапсырмасы:
Махамбет қашан, қай жерде дүниеге келген?
Ақынның қандай шығармаларын білесіңдер?
№2 үстелдің тапсырмасы:
Махамбет өлеңдеріндегі Исатай бейнесі.
Махамбет жырларындағы қанатты сөздер.
№3 үстелдің тапсырмасы:
Махамбет пен Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің себептері.
Көтеріліс кезінде туған өлеңдер.
V Сабақты қорытындылау:
«Ассоциативті қатар» техникасын пайдалану.
Мұғалім тақтадан «Махамбет» және «Исатай» деген сөздерді көрсетеді. Оқушылар жазылған сөздерден пайда болған ойларын, пікірлерін айтып шығады (жазуларына да болады).
Сұрақтарға жауап беру:
Махамбет Өтемісұлы қай жерде дүниеге келді?
Махамбет неше ағайынды болған?
Әкесі Өтеміс кім болған?
Жәңгір хан Махамбетті не үшін Орынборға жібереді?
Махамбет не себепті ордадан қуылады?
Отаршылдыққа қарсы күресті кім басқарды?
Исатай көтеріліснің басты себептері қандай?
Ақынды кімдер қағазға ұшыратты?
Махамбет өлеңдерінен әдеби тәсілдерді анықтау:
Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме? | Риторикалық сұрақ |
Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн. | Метафора |
Түн қатып жүріп түс қашпай, Тебінгі теріс тағынбай, Темірқазық жастанбай. | Аллитерация |
Алма мойын аруды, Ат артына салған күн. | Ассонанс |
VIОқушылар білімін бағалау:
Топтар | Топпен жұмыс | «Өрмекші» оқыта үйрету ойыны | «Ассоциативті қатар» | Қорытынды |
1-топ | ||||
2-топ | ||||
3-топ |
VIІҮйге тапсырма:
Хрестоматияда берілген ақын өлеңдерімен танысу, мәнерлеп оқуды дайындау. Қалаулары бойынша ақын өлеңін жаттау.
VIІІРефлексия кезеңі:
Махамбетті неге дауылды жылдардың жалынды жыршысы дейміз?