ШҚО, Бородулиха ауданы, Жезкент кенті
«Жезкент орта мектебі» КММ
Бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімдеріне арналған шеберлік сыныбы
Тақырыбы:«Бейнелеу өнері сабағында «Pop-up» және «Киригами» техникасы бойынша ашықхат жасау»
Кистаубаев Сагындык Калшораевич
ІІ санатты бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар!
Мен бүгін сіздерге тағы бір техника түрімен таныстырғым келеді. Осы шеберлік сыныбында Pop up және киригами техникасын меңгеруді ұсынамын.
Pop-up – ағылшын тілінен аударғанда «қалқымалы, кенеттен пайда болу» деген мағынаны береді.
Киригами - кейбір адамдарға таныс оригами техникасының бір түрі,
тек айырмашылығы, киригами бөлшектерін жасауда қағаздан басқа тағы қайшыны қолданады. Бұл сөз екі бөліктен тұрады: «киру» сөзі жапон тілінен аударғанда «кесу», ал «ками»- қағаз деген мағынаны білдіреді.
Бұл әдіс көлемді құрылымдар мен көлемді ашық хаттардың тегіс дененің ішіне бүктелуге мүмкіндік береді.
Шеберлік сыныбының бағыты – бұл өнер қағаз бетін жандандырады, одан санаулы уақыт ішінде гүлдер, құстар, жануарлардың көркем бейнесін жасауға болады. Қағаз - өте ыңғайлы материал.
«Pop-up» және «Киригами» техникасында жасалған дайын ашық хаттар мен кітаптарды сыйлық ретінде қолдануға болады.
Шеберлік сыныбы- ата-аналар мен тәрбиешілерге, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған.
Мақсаты:«Pop-up» және «Киригами»техникасы арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Міндеттері: Қағаздан әртүрлі заттар жасау түрлері мен әдіс-тәсілдерін үйрету, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау, «Pop-up» және «Киригами» техникасына балалардың қызығушылығын арттыру, қол бұлшық етінің жұмысын арттыру, қиялын дамыту.
Ал енді шеберлік сыныбының жұмысын бастайық. Шын мәнінде, бәрі өте оңай әрі қарапайым.
Қажетті материалдар:
А4және А3 форматтары
Қағаз астына қоятын төсеніш
Циркуль
Кеңсе пышағы
Сызғыш
Қайшы
Скотч
Қағазға арналған желім
Қарындаштар
Өшіргіш
Транспортир
Жұмыс барысы
1 кезең
Өзіміз жасайтын ашық хаттың үлгісін дайындау.
2 кезең
Жұмысты бастау үшін сызуға арналған А4 форматы немесе қатты қалың емес қатырма қағаз дайындаймыз.
3 кезең
Қағаздың ортасында сызық қалу үшін дәл ортасынан екіге бүктейміз.
4 кезең
Қағаздың бүктелген шетінен ортасына дейін көлденең сызық сызамыз.
5 кезең
Бүктелген шетінен бастап, сызық бойымен қағазды қиямыз.
6 кезең
Қиылған сызық бойынша үстіңгі бөлік және астыңғы бөлікті артқа немесе алдыға қарай үшбұрыш қалыптастырып бүктейміз.
7 кезең
Бүктелген жерін саусақпен қатты басып сызық қалыптастырамыз.
8 кезең
Бүктелген үшбұрышты өзінің бастапқы қалпына келтіру.
9 кезең
Шатыр іспетті кағазды ашыңыз.
10 кезең
Бас бармақты немесе саусақты пайдаланып, үшбұрышты қағаздың ішкі бөлігі арқылы түбіне қарай итеріңіз.
11 кезең
Қағазды жабыңыз.
12 кезең
Және қағазды қатты басыңыз.
13 кезең
Міне біздің ауызға ұқсайтын ашықхатымыз оз мәресіне де жетіп қалды.
14 кезең
Ашықхаттың екінші нұсқасы. Екінші нұсқасында тік сызықтың орнына толқынды сызық сызу арқылы сіз тісі бар ауыз жасайсыз.
15 кезең
Енді «Pop-up» ашықхатты безендіруіңізге болады. Ашықхатты безендіру үшін қарындаш, фломастер, маркер және майлы борларды қолдана аласыз. Сіз сондай-ақ басқа да қағаз кескіндерін қиып алып ашықхатты безендіруіңізге болады.
Қорыта келе, қазір техника дамыған заман. Адам баласының өз қолымен бір дүние жасап шығаруы сиреп барады . Бірақ қолмен жасалған дүние әрқашанда құнды болады. Оқушыларымызды қолөнерге баулу – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан «Pop-up»және«Киригами» сияқты жеңіл әрі ыңғайлы техникалар көмегімен оқушылардың қолөнерге деген қызығушылығын арттыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан мен осы шеберлік сыныбын сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Назар салып тыңдағандарыңызға және менімен жұмыс жасағандарыңызға көп рахмет!