«Ақыл-парасат күші адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» Әбу Насыр Әль-Фараби
Біз және біздің замандастарымыз ес білгелі ұлы Абай атамыздың ұлағатты сөздерін және өлеңдерін өмір бойы оқып, сол тәлім-тәрбиені бойымызға сіңіріп бойтұмар қылып келеміз. Жарты ғасыр өмір сүрсекте, білгенімізден білмегеніміз көп мына өмірде ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, әлі де «білсем, көрсем» деген ойлар күнде маза берер емес.
Жақында Абай атамыздың «Жігіттер, ойын- арзан,күлкі- қымбат» өлеңін тағы да оқып шықтым.Өлеңнің әрбір сөздері мен жолдарына көз сала отырып,тұнып тұрған тағылымы мол тәрбие мен жастарға арналған татулық пен достықты және жар таңдаудың мәнділігін, оның тазалығын өсиет еткендігі мені ыстық ықыласқа бөледі.Заман мен адам өзгерседе, адамдар арасындағы адал достық пен мейірбандық,татулық пен түсіністік, еш уақытта да өз құнын жоғалтпайтынын тағы да түсінгендеймін. Әсіресе мына бір буынын да :
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс
Тұрғандай бейне қорқып,жаның шошып.-деп , бір-біріңнің сөзіңді құрметтеуге, сөздің артын тосуға, қанша дәуренің жүріп тұрса да, елдің алдын орамауға үгіттесе, шыдамсыздықтан сақтандырып, сабырға шақырады. Өлеңнің әр жолдарын оқыған сайын тереңіне құныға түсесің, мысалы мына бір шумақта :
Жолдастық, сұхбаттастық-бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.-деген сөзі, бүгінгі кейбір жігіттердің екіжүзділігін, жанындағы досының сырын сыртқа шашып, әшкерелеуін, дос қадірін дұрыс түсінбеуін, тек пайдасы үшін жүргендігі, көре алмаушылық бейнесін ашып тұрғандай. Өкінішке орай осындай адамдардың біздің ортамызда әлі жүргендігі, қоршаған ортасына өзінің кері әсерін тигізіп жүргендері бәрімізге де мәлім.
Қандай тәрбие болса да адам ағзасына ана сүтімен дариды десем артық айтқаным емес, болашақ ұрпағым ғибратты, көкірегі ояу болсын дейтін болсаңыз жар таңдаудан қателеспеуіңіз керек, себебі әйел ұрпағыңды жалғастырушы жан. Бұл туралы мына бір шумақта жақсы айтылған екен:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан қапы қалма.
Негізі ақын өлеңінің басты идеясы қарама-қайшылық, ойын қаншалықты арзан болса, күлкінің соншалықты қымбат болуы маңызды екендігін көрсете білген.Сонымен қатар ойын мен күлкінің шектес екенін,бірақ екі құбылыстың мәні мен мәнісін ажыратып сипаттаған, бұл сөздердің күні бүгінге дейін мәні зор.
Қазақтың ұлы ақыны, терең ойшыл- Абайды оқып білу, әсіресе пікірлері мен нақыл сөздерін,еңбектерін бойына сіңіру,қадірлеу және қазіргі педагогикамен байланыстыра отырып, қажетімізге жарату әрбір ұстаздың, әрбір қазақ баласының басты міндеті деп санаймын.
Тараз қаласы №37 орта мектебінің директоры
Дуйсенбаев Букейхан Жакипович