Стихи для выразительного чтения на казахском языке
Подборка из стихотворений Рысты Бекбергеновой – казахстанской поэтессы,члена Союза журналистов
Республики Казахстан.
Ата Заңым
Ата Заңым өзімнің,
Жанары ол көзімнің.
Келбетің көрді алыстан,
Сан ғасырлық төзімнің.
Ата заңым негізгі,
Әділ жолым ең ізгі,
Біріктірер тауларды,
Теңіз бенен теңізді.
Ата заңым байыпты,
Кеңге құлаш жайыпты.
Өзіңді оқып жүрегім
Сан күдіктен айықты.
Сүйем ата заңымды,
Көңілімнен табылды.
Өмірінде елімнің,
Әділдік оты жағылды.
Шалқытады көлімді,
Қандырады шөлімді.
Жерім баққа айналар,
Көңіл соған бөлінді.
Бабамның ақыл, ойынан,
Алынған тұла бойынан.
Іске аспай жарғымыз
Кездерім болды мойыған.
Заңым алып күшінде,
Жеті жарғым ішінде.
Халқым, қолда, сүйе біл,
Басқаша оны түсінбе.
Елімді Заңым қорғайды,
Заңымды халқым қолдайды.
Көгереміз біз сөйтіп,
Басқаша өмір болмайды.
ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіздік берді бізге үстемдік,
Тәуелсіздік берді бізге іскерлік.
Жұмыр жерді шарлап жүріп қарасақ,
Көтеріліп ғарышта да түстендік.
Тәуелсіздік сейіл-серуен құрғызды,
Есіл суын оңға-солға бұрғызды.
Сарыарқаның сазды, сулы төрінде,
Аз-ақ жылда Астананы тұрғызды.
Еске алсақ бастан өткен кезеңді,
Ұлттық теңге – арман еді ежелгі.
Ел өмірін нұрландырып шықты ол,
Бар қиындық бірлікпенен тежелді.
Сөнбесін деп мәңгілік от алауы,
Бейбітшілік – халқымыздың қалауы.
Тербеліп тұр бар әлемге көрініп,
Еліміздің аспан түстес жалауы!
«Ядролық қарусыз әлем құрсақ», -деп,
Адамзатты осы жолға бұрсақ, - деп,
Елбасы жүр түн ұйқысын төрт бөліп,
Әлем халқы қол ұстасып тұрсақ деп.
«Көп түкірсе – көл болады» деген бар,
Көп айтылса – сол болады деген бар.
Көрегеннің қадап айтқан әр сөзі,
Өзгелерге жол болады деген бар.
ТІЛІМ МЕНІҢ
Тілім – менің елдігім,
Егескенде ерлігім.
Жоғалтуға шақ қалып,
Бастан өтті шерлі күн.
Бастан өтті мәңгүрттік,
Жатты бәрін жаңғыртып.
Туған жерден шақ қалды
Жіберуге қаңғыртып.
Тілім – менің егізім,
Тау, орманым, теңізім.
Адамдығым, ұлттығым,
О бастағы негізім.
Мен жоқпын – сен болмасаң,
Мертігермін жолда сан.
Тілі, діні жоқ мүсін,
Адам болды ол қашан?
Әділ Құдай, періштем,
Тілім барда – мен үстем.
Мұсылманды жебей көр,
Танылайын жеңіспен.
Құлы емеспін мазақтың,
Бүгін елмін, азатпын.
Тілім, дінім, жерім бар,
Шаңырақты қазақпын!
ӨЗ ТІЛІҢ - АРЫҢ, ОЖДАНЫҢ
Ананың сүті,
Ырысы, құты
Дарыған бойға тіл болып.
Арылсаң одан,
Боларсың надан,
Өзгеге мәңгі құл болып.
Өз тілің - арың, ожданың.
Тілсіз құрып, тозғаның.
Ананың сүті
Арман, үміті
Ана тілі боп дарыған.
Айрылсаң тілден ,
Құрисың мүлдем,
Құстай қанаты қайрылған.
Тіл сақтар ел мен жұртыңды,
Балта шаппас мұртыңды.
Өзге ұлт тілін,
Өзге ұлт сырын
Білгенің артық болмайды.
Алды, артты шолмай,
Есейіп, толмай
Ойсыз жүрсең - сол қайғы.
Осыны білсең, ұл-қызым,
Жарқырар айың, жұлдызың.
АНА ТІЛІМ
Өмірімнің отысың – ана тілім,
Өзіңмен өшетінім, жанатыным.
Өзіңмен орап тұрған дүниеге,
Білемін құмарымның қанатынын.
Адаммын, адамымын сүйікті елдің,
Жасымнан мұны ойыма түйіп келдім.
Сөйлесем өзге тілде – қажетім ол,
Ана тілім, сенімен биіктермін.
Өзіңменен танытқан елдігімді,
Даламдай туып-өскен кеңдігімді.
Өзіңменен есіттім ана әлдиін,
Өзіңменен атадым жерді, күнді.
Өзіңменен басталған тірлігімді
Көркейтемін, нығайтам бірлігімді.
Өзіңменен жар салып қорғаймын мен
Аспанымды, суымды, құрлығымды.
Жаратылыс сыйлаған тілім менің,
Сені ұмытсам жығылып, сүрінгенім.
Өзіңменен өмірден орнымды алам,
Қасірет – бұзылғаның, бүлінгенің.
Өзіңсіз сезінем бе қайғы, мұңды,
Сезінем бе шуақты, жайлы күнді?
Адаммын деп айтуға хақым бар ма,
Білмесем негізім – тіл байлығымды?
Құрысын бәрі, тілі жоқ болсам мүсін,
О, адамдар, адамдар, соны түсін.
Ананың әлдиімен бір дарыған,
Менің ана тілімде қайрат-күшім.
Естісек қамыс сыбдыр қағатынын,
Сылдырап судың күн-түн ағатынын.
Тіршілік тілі емес пе соның бәрі,
Сусылы ұшқан құстар қанатының?
Өзіңменен сергітемін көңіл бұлтын,
Өзіңменен танылар қазақ ұлтым.
Өз әнімен, күйімен күмбірлеген,
Бір ел болып көрінер ел-жұртым.
Ана тілім ажарым, өз намысым,
Адамдығым, ұятым, ожданымсың.
Кейінгіге жетеді өзіңменен
Өз келбетім, өз ойым, толғанысым.
Жырлаймын бүгін биік ар атынан,
Ана тілім ақ сүттен жаратылған.
Ұмытуды кешірмес ұлылығым,
Өзіңменен, өзіңмен дара тұлғам.
Балалық шақ
Бала,бала,бала.
Баланың ісі шала,
Ойнағысы келгенде
Есілдерті –дала.
Жүгіреді, күледі,
Шаң оранып жүреді.
Топ балаға қосылып
Орындалып тілегі.
Қақ суына түседі,
Шөлдесе, одан ішеді.
Ауырлап оны жатпайды,
Күнге арқасы піседі.
Қайық жасап қағаздан,
Оны суға салады.
Алғашқы ойлап тапқаны
Есінде ұзақ қалады.
Жүгіріп үйге келеді,
Әжесі айран береді.
-Іше қойшы, құлыным,
Қайда жүрсің?- дер еді.
Ауылға бара қалсаңыз,
Көз алдыңда бұл өзі.
Қала ұл, қыздарының
Өзгеше ғой мінезі.
ӨЗІҢДІ КЕЙДЕ ҰМЫТЫП
Екінші анам- мұғалім,
Жаныңды шексіз ұғамын.
Алыстан бейнең көрінсе,
Алдыңнан шалқып шығамын.
Әліппені құшақтап
Жүрген кез мектеп ішінде.
Сол күндерді әлі мен
Жиі көрем түсімде.
«А» әрпін алғаш жаздырдың,
Кітап бетіне үңілтіп.
Барыңды бердің ұл- қызға
Өзіңді кейде ұмытып.
Ғалымдар небір өнерлі -
Ізбасарлары өзіңнің.
Жүрегіндесің олардың,
Иесі ғажап төзімнің.
Ұстаздан шәкірт озады,
Жылдар артта қалғанда.
Олардан, ұстаз, биіксің,
Еңбегіңді еске алғанда.
Болашақ иелері үшін
Ағарттың қара шашыңды.
Жыр жазып, толқып отырмын,
Білдіріп ұмытпасымды.
БАҚЫТЫМ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМ
Желтоқсан айы, мен үшін
Қымбатсың әлі соншалық.
Ұл-қызым ерлік жасады,
Тәуелсіздікке жол салып.
Қарусыз шықты көшеге,
Әділ үкімді сұрады.
«Өз елін қазақ басқарсын»,
Осы болды ұраны.
Билік тұрды кішіреймей,
Басталды соққы кенеттен.
Жастар ойын түсінбей,
Өткізілген електен.
Алаштың ой-арманы,
Арқасын от боп қарыған.
Ұмытылмас бар мәні
Ғасырлар бойы дарыған.
Соққыға жықты ұл-қызды
Астанасында өзінің.
Кеткен екен биліктің
Еті өсіп көзінің.
Күйдік отқа, жығылдық,
Етімізден ет кесті.
Әділдік пен зұлымдық,
Сөйтіп, сол күн беттесті.
КӨГІЛДІР БАЙРАҚ
КӨГІМДЕ ЖЕЛБІРЕСІН
Ғажап-ау, ғажап, жаңа таң атты жап-жарық,
Не деген бақыт, мен тұрмын соны қақ жарып.
Арманым менің, тілегім өте биікте,
Адамзат түгел көркейсе деймін бақ дарып.
Әлемде мынау еш жерде соғыс болмаса,
Оққа ұшып адам, ащы жас көзге толмаса.
Достық пен бірлік қуанышына оранып,
От пенен судан бір-бірін пенде қорғаса.
Жаңа жыл келді, жақсылығына куәмін,
Жаңа күннің нұрына бетті жуамын.
Жаңа ғасыр тыныштық төрі болсын деп,
Жарқырап тұрып, ертеңге белді буамын.
Жаңа жылда азаймасыншы күлкіміз,
Бүлінбесінші жеріміз, ауа, мүлкіміз.
Көгілдір жалау ең биікте желбіреп,
Аман болсын тәуелсіз ел-жұртымыз!
АРАЙЛЫМ
Арайлым- ай, Арайлым,
Саған жиі қараймын.
Көтеруге қуат жоқ,
Тербетуге жараймын.
Сені көрсем, немерем,
Жасарамын, көгерем.
Қартайып келем күн сайын,
Саған енді не берем.
Тәтті жегің келе ме?
Зейнетақым жетеді.
Көйлек алып берейін,
Тізеден төмен етегі.
Шортик киіп әйел жүр,
Еркек тағып сырғаны.
Және оларға ұнайды,
Кіндік ашық тұрғаны.
Еліктеме оларға,
Бойжеткен бол ибалы.
Арналады өзіңе
Ата- анаңның жиғаны.
****
Ауамыз лас, бұлыңғыр,
Лайланды суым да.
Көлеңкесін төгетін,
Азайды орман-нуым да.
Жеріміз де мәз емес,
Шөлейттеніп барады.
Дауылды күн аз емес,
Шаңы, тұзы тарады.
Бәрі өзінен адамның,
Керісінше істейді.
Жан-жағына бірауық,
Сірә, көзі түспейді.
Теңіз суы азайып,
Ғайып болды көлдерім.
Ернім кеуіп, кезеріп,
Енді, міне, шөлдедім.
ДОМБЫРА
Қазақтың әр үйінде,
Қазақтың көңіл- күйінде
Қоңыр үнді домбыра,
Тозбайтұғын бұйым де.
Домбыра десе – қазағым,
Қазақ десе – домбыра.
Бірінсіз – бірі болмайды
Атадан қалған мол мұра.
Қазағым мен домбыра,
Бір- бірімен егіздей.
Күмбірлеткен қоңыр үн
Шалқып тасқан теңіздей.
Алдан алға оздырып,
Биіккке қол создырып.
Шымырлатып ойыңды,
Делебеңді қоздырып.
Аңыратып өткенді,
Күмбірлетіп бүгінді.
Жеңілдетіп тұрады
Арқаңдағы жүгіңді.
Күйлерінде қазақтың
Тарихы бар өзінің.
Қорғап ұлы даласын
Жұмсаған бар төзімін.
Қазақтың жаны – домбыра,
Домбыра иесі – қазақ ол.
Жабыққанда күй тартып,
Сонымен бойын жазады ол.
Екі қолдың күшімен,
Он саусақтың ұшымен.
Домбырамды сөйлетіп,
Бәрін еске түсірем.