ДЕҢГЕЙЛІК САРАЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ – БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ
Сулейменова Қымбат Құдайбергенқызы
қазақ тілінің оқытушысы
Бүгінгі таңдағы елімізде жүріп жатқан экономикалық-әлеуметтік дамулар келешек ұрпаққа білім берудің мақсаттары мен мазмұнын түбірімен жан-жақты қайта ойластырып, жаңа сапаға жету міндетін көздейді. Сондықтан да білім беру саласындағы өзгерістер жеке тұлғаны қалыптастыруға, оқу үрдісіне тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіруге, баланың шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін дамытуға, адамгершілік пен салауатты өмір салтын берік ұстануға бағыттауы тиіс.
Жаңа технологияларды күнделікті сабақта пайдалану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсат – мүддесіне және өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады.Сол себептен, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу барысында педагогика ғылымының докторы, профессор Қараев Жауынбай Амантұрлыұлының «Әр түрлі деңгейде оқыту» технологиясының элементтерін оқыту процесіне кіріктіру арқылы оқушының білім сапасын көтеруді мақсат ете отырып, сабақта деңгейлік тапсырмаларды қолданамын.
Мақсаты:
Оқушының өз бетінше жұмыс жасау барысында білім,білік, дағдыларын қалыптастыра отырып білім деңгейін көтеру.
Міндеттері:
оқушылардың тақырыптық емлесін қаншалықты меңгергенін анықтау;
өз бетінше жұмыс жасауға дағдыларын қалыптастыру;
оқушыны өз жұмысын талдай білетін, бағалап, түзету жолдарын білуге баулу;
қарапайым білімдерін кеңейтіп, танымдық ізденістерін қалыптастыру;
ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттыру;
жеке даму динамикасын, ынтасын дамыту;
шығармашылық қабілеттерін дамыту.
«Қазақ тілі» оқу бағдарламасына сүйене отырып, қазақ тілі сабағындағы тақырыптар бойынша 4 деңгейде тапсырмалар құрастырдым. Әрбір тақырып бойынша осы тапсырмалардан оқушының білім деңгейі көрінеді.Екінші кезең «Түзету» бөлімінде қате жіберілген тақырыптар бойынша оқулықтан тапсырмалар беріледі және аудиториядан тыс жұмыс ұйымдастырылады.
Бірінші деңгей – оқушылық деңгей тапсырмалары білімнің минималды шегі, ол мемлекеттік стандарт талабына сай оқушының жас ерекшелігіне сәйкес деңгейі. Бұл міндетті болғандықтан барлық оқушы тапсырманы толық орындауы тиіс.
Екінші және үшінші деңгей – алгоритмдік деңгей кезеңіне көтерілгенде тапсырмалар күрделене түседі. Бұл деңгейде өтіп кеткен материалды оқушы талдап, бұрынғы тапсырмаларға ұқсас, бірақ күрделене түскен тапсырмаларды орындайды. Оқушы бойында ойлау, таным дағдылары қалыптаса бастайды.
Төртінші деңгей – эвристикалық деңгей. Өз бетінше жұмысты қалыптастыру мақсатында оқушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген қарапайым білімдерін жетілдіріп тереңдетеді.Бұл деңгейді оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істей алатындай, ойын дәлелдей алатын қабілетті оқушылар орындайды.Оқушы талдау, жинақтау, салыстыру сияқты танымдық жұмыстар жүргізеді. Бағалау «балдық» жүйемен жүзеге асырылады.
Бірінші деңгейдің тапсырмалары қатесіз және уақытында орындалса, 5 бал қойылады, ол «қанағат» деген бағаға сәйкес.
Екінші деңгейге – 10 бал қойылып, «жақсы» деген бағаға сәйкес болады, үшінші деңгейге – 15 бал, төртінші деңгейге - 20 бал.Үшінші және төртінші деңгей «өте жақсы» деген бағаға сәйкес. Жай тапсырмадан күрделіге дейін тапсырмалар ретімен орындалады.
Міндетті деңгейлі тапсырма өтілген жаңа сабақты бекітуге және өткен сабақтарды пысықтауға арнап құрылады. Келесі деңгейдегі тапсырмалар алдыңғыдан күрделі және түрлендірілген болады. Осы тапсырмаларды өз бетімен орындау – шығармашылық жұмыс бастамасы. Келесі төртінші деңгейді орындайтын оқушылар бірте – бірте дараланып шыға бастайды. Шығарма жазуға қабілетті, сөз байлығы мол оқушылар шығарма жазады, өлең шығаруға қабілеті бар оқушылар өлең шығарады.
Сыныптан тыс уақытта жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы көбірек ұпай жинап, көтеріңкі баға алуға мүмкіндік беріледі және дамыта оқыту принципі орындалады. Нәтижесінде оқушылардың табиғи қабілеттері мен дарындылық қасиеттерінің ашылуына жағдай жасалады.
Бұл технология бойынша жұмыс істеудің тиімді жақтары:
Әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады.
Деңгейлік тапсырма орындау барысында дамыту принципін басшылыққа алып, оқушылар деңгейін жоғары сатыға көтереді.
Оқушының жеке қабілеті айқындалады, бір – бірінен қалмауға тырысып, талпынады.
Оқушылардың ақыл-ойы, өзіндік дүниетанымы, шығармашылық қабілеті, оқу сапасы арта түседі.
Даму мониторингін құрып, оқушылардың дамуын қадалауға болады.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда әр түрлі әдістерді қолдануға болады.Оқу – тәрбие үрдісін даралауда оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, яғни оқушының өзіндік танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағыттау, білім беруде жеке оқытуды дамыту көзделуі қажет. Шығармашылық қабілетті дамытуда қазіргі заман талабына сай білім берудің озық технологияларын пайдалану өте қажет. Оқушының сабаққа қызығушылығын, шығармашылық қабілетін жетілдіруге деңгейлік тапсырмалардың зор мәні бар.Оқушылар қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға бірте – бірте көшіп, жоғары – шығармашылық сатысына жетеді.
Шығармашылық тапсырмалар оқушының ойлау қабілетінің өсуіне, эстетикалық сезімдерінің оянуына және тілдерінің дамуына әсерін тигізеді. Тіпті олардың дүниетанымы кеңейіп, өмірдің мәнін түсінуге үлкен қызмет атқарады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж.Кобдикова. «Деңгейлеп оқыту педагогикалық технологиясы» Республика Ұстаздары. 28 желтоқсан 2004 ж.
2. Б.Қадірова. «Балалардың шығармашылық қабілетін арттыру жолдары»
Қазақ тілі мен мен әдебиеті. 2. 1994 ж.
РЕЗЮМЕ:в данной статье раскрывается суть разноуровневой технологии, её роль в развитии творческого потенциала учащихся. Преподавателем показаны некоторые моменты данного метода, их практическое применение. В работе подробно описаны основные этапы познавательной деятельности. Особое внимание уделено развитию творческих возможностей учащегося, воспитанию положительной мотивации к процессу обучения через применение элементов данной технологии, которая раскрывает потенциал учащегося как личности.
3